Коммуникативтік оқыту әдістері
Ағылшын тілін оқытудаоң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін оқыту әдістерінің бірі – коммуникативтік әдіс. Коммуникативтік әдіс алдымен қатынас практикасын дамытуға бағытталған, әрі сөйлеу мен тыңдауға бағдарланған. Аталған әдіс білімгерлердің тілді меңгерудегі қорқыныштарын болдырмауға бағытталған. Ол жаттығуларды орындау барысында ойын жағдайларын, топта немесе жұптық жұмыс жасауды ұйымдастыруға негізделген оқыту әдісі.
А.В. Конышева коммуникативтік әдістің келесі ұстанымдарын атайды:
- сөйлеу бағыттылығы (қатынас арқылы қатынасқа үйрету);
- функциональдылық (меңгеру нысаны сөйлеу құралымен іске асырылатын функциялар болып табылады);
- ситуация (оқу үдерісін рөлдік ұйымдастыру);
- жаңашылдық (қатынас пәнін, талқылау мәселелерін, сөйлесу серіктесін, қатынас шартын ауыстыру және т.б.);
- қатынастың тұлғалық бағдарлануы (білімгерлердің, білімгерлер топтарының жеке қызығушылықтарын ескеру);
- модельдеу (модель түрінде үйренілетін тіл мемлекетінің мәдениетін, тіл жүйесін ұсыну).
Коммуникативтік-бағдарлы оқытудың негізгі ұстанымдары сөйлеу іс-әрекеті болып табылады. Қатынасқа қатысушылар ағылшын тілінің көмегімен бірлескен іс-әрекет негізінде нақты немесе нақтыға жақын модельденген жағдайда нәтижеге қол жеткізуге үйренулері тиіс. Бұл жағдайдағы оқыту методикалық техникалар (techniques) мен жаттығулар (exercises) көмегімен тапсырмалар (activities) арқылы іске асырылады.
Бұл жағдайда қолданылатын тапсырмалар келесі түрлерде болады:
communication games (коммуникативтік ойындар);
communicative stimulations in role-plays and problemsolving (коммуникативтік стимуляциялар);
socialization (еркін тілдік қатынас).
Қазіргі кезде коммуникативтік-бағдарланған тапсырмаларды орындаудың үш бөлікті формасы (three-phase frame-work) кеңінен таралуда. Кез-келген тапсырма практикалық тұрғыда үш кезеңде орындалады:
pre-activity (дайындық кезеңі);
while-activity (орындау кезеңі);
post-activity (нәтижелік кезең).
Зерттеушілердің пікірінше тұлғаның іс-әрекетке еркін әрі белсенді қатысуына оң жағдай тудыру қажет.
Аталған оқыту әдісін қолдану нәтижесінде:
білімгерлер тілдік қатынас үдерісінде өз ойлары мен сезімдерін еркін білдіруге мүмкіндік алады;
топтық қатынастың әрбір қатысушысы басқаларының назарында болады;
тұлғаның өз пікірін білдіруі тілдік білімін демонстрациялауда маңызды болып табылады;
білімгердің өз бетінділігі мен белсенді позициясын көрсететін талқылаулары назарға алынып, бағаланады;
білімгерлер өздерін қателіктері үшін сын есту мен қателесуден, жазалаулардан азат сезінеді;
тілдік материалды пайдалану жеке сөйлеу мүмкіндіктеріне бағынады және т.б.
Бұл жағдайда сөйлеу қателіктері мүмкін ғана емес қалыпты жағдай ретінде қарастырылады. Сөйлеу грамматикасы жазбa грамматикасынан айтарлықтай ауытқуларда болуы мүмкін. Жоғарыда айтылған шарттар шетел тілін оқытуда біздің ойымызша қажетті болып табылады. Сонымен қатар, коммуникативтік-бағдарланған оқыту әдісін пайдалануда білімгерлердің ақпараттық құзыреттері де маңыздылыққа ие:
ақпараттық «фреймдер» (frames);
меңгерілген білімі (schemata);
әлемнің тілдік бейнесі (language representation of the world) оның шеттілдік формасында;
фондық білімдер (background knowledge);
жалпы дүниетаным (general knowledge).
Бұлар білімгерді тілдік қатынасқа қатыстырудың маңызды шарты болып табылады.
Ағылшын тілін коммуникативтік-бағдарланған оқыту «ақпараттық теңсіздік» (information gap) типіндегі тапсырмаларды пайдалану арқылы да іске асырылды.
«Ақпараттық теңсіздік» типіндегі тапсырмалар дәстүрлі емес формада болды:
picture gap (білімгерлердің көпшілігінде бірдей суреттер болуы мүмкін, серіктестің суретін көрмей сұрақтар арқылы (matching tasks) суреттер арасындағы айырмашылықты анықтау тапсырылады);
ext gap (білімгерлерде бір білімгердегі мәтіннің немесе суреттің аналогы болуы мүмкін, әрі оның кейбір бөліктері кейбір білімгерлерде болмауы мүмкін, тапсырма бойынша білімгер ақпараттың кем жерін толықтыруы тиіс - jig-saw reading);
knowledge gap (бір білімгерде бар ақпарат екіншісінде болмауы, оны толықтыру қажет complete-the-table tasks);
belief gap (білімгерлердің пікірлері әртүрлі бірақ оларды қорытындылап бірдей ой тұжырымдаулары қажет);
reasoning gap (білімгерлерде әртүрлі дәлелдемелер бар оларды бірге жинастырып салыстыру қажет).
Коммуникативтік жаттығулар
Коммуникативтік әлеуетті дамытуға арналған алғашқы жаттығу «Екі кездейсоқтық» деп аталады. Кез-келген сөздікті алып бірінен соң бірін екі бетін ашыңыз, әрі әр беттен кездейсоқ бір бір сөз таңдаңыз. Таңдалған екі сөзді не байланыстыратындығына назар аударыңыз. Осы екі сөзді байланыстыратын оқиға желісін ағылшын тілінде құрастырыңыз. Бұл тапсырма миды жаттықтырып, шығармашылық қабілеттерді дамытады.
Екінші жаттығу «10+10». Параққа кез-келген зат есім жазыңыз, мысалы, планшет. Оған формасы және мағынасы бойынша сәйкес 10 сын есім және есімше табыңыз. Планшет - кішкентай, ықшамды, әдемі, қуатты, нәзік, сынған, оңтайлы және т.б. Енді планшетке мүлде сәйкес келмейтін он белгіні ағылшын тілінде анықтаңыз. Оңай емес. Қажетті сөздерді табу біраз сөздердің астарына тереңінен үңілуге тура келеді.
Коммуникативтік әдіс ағылшын тілін оқытудың барлық жағдайлары үшін қолданымды болғанымен, аталған әдісті пайдаланып оқыту барысында жаттығуларды болашақ мұғалімнің кәсіби қызметтеріне байланысты ұсынудың оң нәтиже берері сөзсіз. Дегенмен, қатынас құруда нақты және виртуальды коммуникация құруда өзінің коммуникативтік әлеуетін толық пайдалануға даярлаудың мәні зор.
